Энеида
«Энеида» поэмасы Эней батыр туралы ежелгі мифтердің негізінде жазылған. Вергилийдің Эней батыр жөніндегі мифтерді сұрыптап, Гомер үлгісі бойынша бұл поэманы жазып жатқандығы әдеби ортаға б.з.б. 26 жылы белгілі болды. [1]
Вергилий дидактикалық поэмасы «Георгиктерді» аяқтап, жаңа поэмасын жазуға кіріседі. Екі жылдан кейін Меценат үйірмесіне енді ғана қосылған жалынды жас ақын Секст Проперций: «римдік және грек ақындары, байқаңдар, Вергилий Цезарьдың ерлігін жырлаған, «Илиададан» да асып түсетін дүние тудырайын деп жатыр» деп ескерткенімен, [2] Вергилий оны жарыққа шығаруға асықпайды. Б.з.б. 19 жылы поэманың алғашқы нұсқасы дайын болғанымен, оны өңдеуге ақын тағы үш жылын жібереді. Бірінші 12 кітапты да проза түрінде қағаз бетіне түсіріп алып, сонан соң асықпай, шабыты келгенде өлеңге айналдырып отырды. Өмірінің соңына дейін ақын бұл еңбегін аяқтамаған, оны тіпті «сәтсіз еңбек» деп танып, бірнеше рет өзгертеді. Император Августтың өзі «Энеиданы» оқып беруін қатаң талап еткеннің өзінде Вергилий 12 кітаптың үшеуін ғана – екінші, төртінші, алтыншысын оқып береді. [3] Өліп бара жатқанда ол достарынан «Энеиданың» қолжазбасын қолына беруін қанша жалынып сұрағанымен, олар бермей қояды. Себебі, қолына түссе Вергилийдің оны отқа лақтырып жіберетіндігін достары жақсы білді. Сонда амалы құрыған Вергилий достарынан өзі жариялаған дүниеден басқа ешқандай шығармасын жарыққа шығармауын өтініп сұрайды. Сонымен, «Энеида» шығармасы Вергилий қайтыс болғаннан кейін, император Августтың бақылауымен және достарының қамқорлығымен жарыққа шығады.
Тек өлімінен кейін ғана жарияланған «Энеида» поэмасын оқығанда оқырмандар поэмада Август пен акция жөнінде үстірт қана айтылып, ақын бар көңілді Август пен римдіктердің арғы бабасы саналатын Эней батырға бөлгендігін біледі.
Эней туралы миф ең ежелгі мифтердің біріне жатады. «Илиада» поэмасында Афродита мен Анхистың баласы Энейдің тірі қалып, кейін бүкіл үрім-бұтағымен троялықтардың ұрпағына билік жүргізгені жазылған. Грек колонизациясынан кейін бұл миф бүкіл Жерорта теңізі елдеріне тарап, Италияға келіп орнығады. Этрусстық қазбалардың арасынан Троядан Анхисты алып шығып келе жатқан Энейдің мүсіні бейнеленген статуэтка табылады. Рим іргесін көтергеннен кейін (ІІІ ғасырда) Эней туралы миф шыңдалу шегіне жетеді: Трояны тастап шыққаннан кейін, ұзақ сапар жүріп отырып, латындар мекеніне табан тіреп, Римнің негізін қалайды. Энейдің ұлы Асканий Юлийлер әулетінің бабасы Юламен теңестіріледі. Міне, Юлий Цезарь өзінің осындай тегі үшін мақтанса, Август өз ақшаларында Анхисті арқалап тұрған Энейді бейнелейді. [4]
«Энеида» поэмасы он екі кітаптан тұрады. Поэма Эней сапарының 7 жылынан басталады: Италияға бара жатқанда қатты жел тұрып, кемесімен Карфаген жағалауына жетеді (І); ол Карфаген патшайымы Дидонаға Трояның құлағаны жайлы (ІІ) және өзінің басынан кешірген оқиғаларын айтады (ІІІ); Эней Дидонаны құлай сүйгенімен, сапарын әрі қарай жалғастыруға мәжбүр болады, ал жауапсыз қалған махаббат дертіне шыдай алмаған Дидона өзін-өзі өртеп жібереді (ІV). Сицилияны артқа тастап (V), Эней Италияға жетеді, Сивилламен бірге Аид патшалығына түсу арқылы Анхистың аруағынан өз ұрпақтарының болашақ тағдырын естиді (VІ). Латин патша Энейді жақсы қарсы алып, оған өз қызын әйелдікке беруге уәде береді, бірақ қыздың жігіті Турн бұған қарсы болып, ол Энейге қарсы соғыс ашады (VІІ), Эней Эвандр патшадан көмек сұрап, Вулкан мен Венерадан Римнің алдағы тарихы бейнеленген қалқанды сыйға алады (VІІІ); Турн троя әскерлерін тықсырып, жеңе бастайды (ІХ); қайта оралған Эней жаудың бетін қайтарғанымен, Турн оның досы, Эвандрдың ұлы Паллантты өлтіреді (Х); амазонка Камилла ерліктері баяндалады (ХІ); соңында Палланттың кегін қайтару үшін Эней батыр Турнмен жекпе-жекке шығып, жеңіске жетеді. [5]
Бұл шығарма сол кездегі Рим мектептерінде оқытылады. Бұған Помпейдегі үйлердің қабырғасынан табылған жазулар дәлел бола алады. Бізге жеткен латынның ең көне жазуларында да Вергилий шығармаларының үзінділері көптеп кездеседі.
Вергилийдің еңбектері 1469 жылы Италияда, 1475 жылы Венецияда, 1501 жылы Альда Мануци атты атақты баспаханада жарық көрген. «Энеиданы» ерте грек тіліне алғашқы император Клавдийдің босатқан адамы Полибей І ғасырда аударған. Қайта өрлеу дәуірінде бұл шығарма ағылшын, француз, итальян тілдеріне аударылған. ХVІІІ ғасырдың соңында «Энеида» шығармасын В.Петров орыс тіліне аударды. 1822 жылы В.А.Жуковский «Энеиданың» екінші кітабын «Трояның құлауы» деп атап, жарыққа шығарады. Қазіргі кітаптарда бұл шығарманың аудармасы ретінде С.А.Ошеровтың аудармалары кездеседі. «Буколиктер» мен «Георгиктердің» аудармаларын 1930 жылы С.Шервинский жасаған.
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ История античной литературы. Тронский И.М. Москва. Высшая школа. 1988
- ↑ Вергилий. Буколики. Георгики. Энеида/Пер. С.Шервинского и С.Ошерова. Вступ. статья М.Гаспарова. М., 1979.
- ↑ Вергилий. Собрание сочинений. СПб., 1994.
- ↑ Корыхалова Т.П. Система цвета в пейзажах «Энеиды» Вергилия. –В сб.: Проблемы античной культуры. Тбилиси, 1975
- ↑ Лосев А.Ф. Хтоническая ритмика аффективных структур в «Энеиде» Вергилия. –В сб.: Ритм, пространство и время в литературе и искусстве. Л., 1974.