Қарсыласу қозғалысы
Қарсыласу қозғалысы – екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы (1939 – 1945жж.) фашизмге қарсы бас көтерулер.
Қозғалыс фашистік одаққа кіретін елдердің (Германия, Италия, Жапония, т.б.) қарулы күштеріне қарсы бағытталды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі патриоттық, азаттық, антифашистік қозғалысы.[1]
Ағымдары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Жаулап алынған елдерде қарсыласу қозғалысына қатысушылар арасында екі ағым болды:
- Жергілікті коммунистік партиялардың жетегінде болған ұйымдар;
- Батыс елдері (АҚШ, Ұлыбритания, т.б.) көмегіне сүйенген ұлттық ұйымдар. Бұл екі ағым фашизмге қарсы күресте түрлі бағыт ұстанды. Мысалы, Франция, Италия, Чехословакия, Бельгия, Дания, т.б. елдерде екі ағым ортақ жауға қарсы күш біріктірсе, Югославия, Албания, Грекия, Польша, т.б. елдерде, керісінше, өзара бәсекелестікке түсті.
Кезеңдері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қарсыласу қозғалысы бірнеше кезеңнен тұрады.
- 1939 ж. қыркүйек – 1941 ж. маусым – күш жинау кезеңі болып, фашизмге қарсы ұйымдар құрыла бастады. Партизан топтары (Польша, Югославия), саяси манифестация, диверсиялар (Чехословакия, Франция, Қытай) ұйымдастырылды.
- 1941 ж. маусым – 1942 ж. қараша – неміс фашистерінің Мәскеу түбінде жеңілуіне байланысты қарсыласу қозғалысы жалпы ұлттық сипат алды.
- 1942 ж. қараша – 1943 ж. соңы – Кеңес әскерлерінің Сталинград және Курск шайқастарында жеңіске жетуіне байланысты Грекия, Албания, Югославия, Қытай, Италия, Вьетнам, т.б. елдерде ұлт-азаттық армиялары құрылып, кейбір аймақтар азат етіле бастады.
- 1944 – 1945 ж. қыркүйек – Германия мен Жапония талқандалып, Батыс Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдері фашизмнен азат етілді.
Сипаты
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қарсыласу қозғалысы интернационалдық сипатта болды. Тұтқыннан, концлагерьлерден қашып шыққан көптеген кеңес азаматтары жергілікті партизан қозғалыстарына қосылды. Олардың арасында қазақстандықтар да болды. Мысалы, cержант Бейсен Райысов Югославия азаттық армиясында батальон командирі болды. Дәрігер Ахмет Бектасов Франция партизандарынан арнайы топ ұйымдастырды. Қадем Жұбаниязов Испанияда, Қамкен Жанбеков, Өтеген Абдуллин, т.б. Бельгия, Голландия елдерінде құрылған партизан жасақтарында соғысты. Бұл партизан жасақтарында көптеген қазақтар болды. Мысалы, Райысовтың батальонында 90-ға жуық қазақ болған. 1965 ж. Италия ақпарат құралдары “Гуидо Боскалия” отрядында 70 қазақ болғанын хабарлады. Дегенмен қарсыласу қозғалысына қатынасқандардың көпшілігінің ерлік қимылдары әділ бағаланбай, тұтқынға түскен адамдар ретінде біржақты қаралып, кеңестік әміршіл жүйе тарапынан қуғынға ұшырады. 1946 ж. қарсыласу қозғалысына қатысып, елдеріне оралған 49 қазақ азаматы тұтқындалып, ату жазасына кесілген, кейіннен үкім өзгертіліп, бәрі де 25 жылға бас бостандықтарынан айрылды.[2]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Әлеуметтану және саясаттану бойынша / Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын – Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ. 2006. – 569 б. ISBN 9965-808-89-9
- ↑ Қазақ энциклопедиясы
Сыртқы сілтемелер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Еуропадағы Қарсыласу қозғалысына қатысқан қазақтар(қолжетпейтін сілтеме)
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |