Мазмұнға өту

Науру

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Координаттар: 0°31′41″ о. е. 166°56′13″ ш. б. / 0.52806° о. е. 166.93694° ш. б. / -0.52806; 166.93694 (G) (O) (Я)
Науру Республикасы
на. -{Ripublik Naoero}-
ағылш. Republic of Nauru
Байрақ Елтаңба
Ұран: «God’s Will First
(Біріншіден Құдайдың еркі)»
Әнұран: «Nauru Bwiema
(Науру, Отанымыз)»
Тарихы
Тәуелсіздік күні 31 қаңтар 1968 (Ұлыбританиядан, Аустралиядан және Жаңа Зеландиядан)
Мемлекеттік құрылымы
Ресми тілі ағылшын, науру
Елорда жоқ
Ірі қалалары Денигомоду
Үкімет түрі парламенттік республика
Президенті Расс Кун
Географиясы
Жер аумағы
• Барлығы
• % су беті
Әлем бойынша 193 орын
21,3 км²
0,57
Жұрты
• Сарап (2011)
Тығыздығы

10 084[1] адам (234)
473,43 адам/км²
Экономикасы
ЖІӨ
 • Қорытынды (2005)
 • Жан басына шаққанда

60 млн $ (191)
5 мың $
Валютасы аустралия доллары
Қосымша мәліметтер
Интернет үйшігі .nr
ISO коды NR
ХОК коды NRU
Телефон коды +674
Уақыт белдеулері UTC+12:00

Науру Республикасы (на. -{Ripublik Naoero}-) — Тынық мұхитының батыс бөлігіндегі бір аттас маржан аралында орналасқан ергежейлі мемлекет. Аумағы — 21,3 км²; халқы — 10 261 адам (2015[2]). Тәуелсіздігі 1968 жылы жарияланды.

Науру аралы экватордан оңтүстікке қарай 42 км қашықтықта орналасқан. Ең жақын арал Банаба шығысқа қарай 288 км қашақтықта орналасқан және Кирибати республикасына жатады. Науру Жердегі ең кішкентай тәуелсіз республика болып табылады, ең кішкентай аралдық мемлекет, Еуропа шегінен тысқары ең кішкентай мемлекет және ресми астанасы жоқ әлемдегі жалғыз мемлекет (елдің бейресми астанасы  — елдің парламенті және әуежайы орналасқан қала Ярен қаласы).

Мемлекет Ұлттар достастығына кіреді. 1999 жылдың 14 қыркүйегінде Науру Республикасы БҰҰ құрамына кірді. Науру — Тынық мұхит қауымдастығының хатшылығы және Тынық мұхит аралдарының форумы ұйымдарының мүшесі.

«Науру» сөзінің тегі нақты белгісіз. Қазіргі кездегідей, наурулықтар аралды бұрын «Naoero» деп атаған. 1909—1910 жылдары аралға келген неміс профессоры Пауль Хамбрух осы сөздің этимологиясына келесі түсіндірмелер берген: оның пікірі бойынша «Naoero» сөзі «a-nuau-a-a-ororo» сөз тіркесінің қысқартылуы (қазіргі жазылуы «A nuaw ea arourõ») болып табылады және науру тілінен «мен теңіз жағасына бара жатырмын» деп аударылады. Бірақ Науру аралында 30 жылдан астам өмір сүрген және науру тілін еселеп оқыған неміс католик миссионері Алоиз Кайзер осы түсіндірмені құптаған жоқ, өйткені жергілікті диалект бойынша қозғалыс етістігімен қолданған «теңіз жағасы» сөздерінен кейін «төмен» деген аударманы беретін «rodu» сілтеу сөзі қолдануы керек еді. Наурулықтардың өздері «теңіз жағасы» сөзін аралдың ең терең және ойпаң жер деп түсінеді. Олар осы сөзді жерге де, теңізге де қолданады.

Аралдың басқа да атаулары бар: 1888 жылға дейін ағылшын колонисттері Науруды «Жағымды арал» (ағылш. Pleasant Island) деп атаған. Немістер оған «Nawodo» немесе «Onawero» деген атаулар берген. Еуропалықтар елдің атауын дұрыс айтуы мақсатында «Nauru» сөзінің кейінгі жазылуы «Naoero» дегенге ауыстырылды.

Шамамен 3 мың жыл бұрын Науруды микронезиялықтар және полинезиялықтар мекендген. Нұсқалардың бірі бойынша, Науру аралына алғашқы болып Бисмарк топаралынан қоныс аударушылар және меланезиялықтардың, микронезиялықтардың және полинезиялықтардың ыдырауына дейін праокеания халқының өкілдері келген.[3] Дәстүрлі түрде арал тұрғындары өз шығу тегін шеше жағынан санаған. Еуропалықтардың келуіне дейін Науру аралының халқы 12 тайпадан тұрған. Еуропалықтар арасынан алғашқы болып Жаңа Зеландиядан Қытайға қарай бағыт ұстаған ағылшын капитаны Джон Фирн 1798 жылдың 8 қарашасында ашқан және аралға 90 жыл бойы жиі қолданылған «Жағымды» (ағылш. Pleasant Island) деген атау берді.[4][5] Негізгі ауыл шаруашылық дақылдар ретінде кокос пальмасы және панданус өсірілген. Наурулықтар рифте каноэмен және арнайы оқытыған құстармен (үлкен фрегаттар) балық аулаған. Сонымен қатар олар өзіне қосымша тамақтану көзі ретінде Буада көлінде ханос балығын (лат. Chanos chanos) көндіктіре алды. Балық аулаумен тек қана ерлер айналысқан.

Астында көрсетілген хронологияға тек қана еуропалықтардың Науру аралын ашқаннан кейін тарихи оқиғалар енгізілген.

Физикалық-географиялық мінездеме

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Жалпы география

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Науру аралы Тынық мұхитының батыс бөлігінде, экватордан шамамен 42 км қашықтықта орналасқан.[6] Ең жақын арал Банаба (Ошен) шығысқа қарай 288 км қашақтықта орналасқан және Кирибати Республикасына тиесілі. Айрықша жағалық экономика аймағының (АЭА) ауданы — 308 480 км²[7], оның 570 км² аумақтық суларға жатады.

Науру аралы — көтерілген маржан атоллы, жанартау конусының үстіне. Арал сопақ болып келеді, шығыс жағынан жағалау батыңқы — ол жерде Анибар шығанағы орналасқан. Арал аумағы — 21,3 км²[6], ұзындығы — 6 км, ені — 4 км. Жағалық сызықтың ұзындығы — шамамен 18 км.[8][9] Ең жоғарғы нүктесі — 65 метр[6] (басқа мәліметтер бойынша 61—71 метр) — Айво және Буада округтерінің шегінде орналасқан. Жағалаудан шамамен 1 км қашықтықта мұхит тереңдігі 1000 метрден астам құрайды. Бұл жерде мұхиттың түбіне жететін құлама жардың орналасуымен байланысты.

Арал бетінің ені 100—300 метрді құрайтын кысаң жағалық жазық болып келеді, Науруның орталығында биіктігі 30 метрге дейін жететін әктасты үстіртпен қоршалған. Бұрын үстірт фосфориттердің (науруит) қалың қабатымен жабылған еді. Болжаулы пікір бойынша бұл қабат теңіз құстардың дәреті болып табылады. Арал қысаң маржан рифімен көмкерілген (ені шамамен 120—300 метр[10]). Рифте шағын қайықтарға аралдың маңына тікелей жақындауға мүмкіндік беретін 16 канал қазылған, .

Наурудың физикалық картасы

Аралдың ішкі аймағында фосфориттік кен қазу жұмыстарынан қалған үлкен әктасты тісшелер және пирамидалар орналасқан. Бұл құрылыстардың биіктігі кейбір жерлерде 10 метден асады, ал карьердің өзі көптеген шұңқырлары мен ойпаттары бар үлкен лабиринт тәріздес. Тар табанды темір жолы аралдың кемежайына өнідірілген фосфориттердің жеткізілуін жеңілдету үшін арнайы құрылған. Әктасты үйінділер аймағында топырақ жамылғысы түгелдей болмағанның нәтижесінде, жаңбырлы су жердің бетінде қалмай, таулы жынысына толығымен сіңеді.

Географтар, геоморфологтар және геологтар аралдың бедерін, топырағын және геологиялық құрылысын жете зерттеп, алынған деректер бойынша Наурудың геологиялық тарихын қалпына келтірді.

Наурудағы климат — экваторлық-муссонды, ыстық және ылғалды. Орташа температурасы шамамен +27,5 °C құрайды. Күндіз температура +26 °C және +35 °C аралығында өзегереді, ал +22 °C және +28 °C түнгі уақытта.[10] Күндізгі температура +38‑41 °C дейін жетуі мүмкін. Жылдық орташа жауын-шашын мөлшері — 2060 мм[6]. Кейде құрғақшылық жылдар болып тұрады, ал кейбір жылдары жауын-шашын мөлшері 4500 мм-ге дейін жетеді. Осындай елеулі тербелістер Эль-Ниньо құбылысымен түсіндіріледі. Жаңбыр жауатын мезгіл қарашадан ақпанға дейін созылады.[6][11] Наурыздан қазанға дейін солтүстік-шығыс бағытындағы желдер үстем болады. Жыл сайын аралда беттік ағымның тугелдей жоқ болғанымен шамамен 30 млн м³ су түседі.

Науру үкіметін жаһандық жылыну мәселесі алаңдауда, дүниежүзілік мұхит деңгейінің көтерілуі жағыдайында аралға су басу қаупі төніп тұр[6]. Сондықтан республика әлемдік қоғамдастықтық назарын аударуға тырысып жатыр, ең алдымен, БҰҰ арқылы.

Ярен қаласы ауа райы
Көрсеткіш Қаң Ақп Нау Сәу Мам Мау Шіл Там Қыр Қаз Қар Жел Жыл
Абсолюттық максимум, °C 34 37 35 35 32 32 35 33 35 34 36 35 37
Орташа максимум, °C 30 30 30 30 30 30 30 30 30 31 31 31 30
Орташа минимум, °C 25 25 25 25 25 25 25 25 25 25 25 25 25
Абсолюттық минимум, °C 21 21 21 21 20 21 20 21 20 21 21 21 20
Жауын-шашын нормасы, мм 280 250 190 190 120 110 150 130 120 100 120 280 2080
Дерекнама: [1]

Флора және фауна

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
2002 жылы жасалған Науру аралының жерсеріктестік кескіні

Аралдың ауданы кішкентай болғанынан және оның континенталды құрлықтан және ірі топаралдардан оқшаулауы нәтижесінде Науруда жергілікті түтікті өсімдіктердің 60 түрі ғана өседі, және оның ешбірі эндемик болып табылмайды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі қатты ойран, кокос пальмасының дара дақылды таралуы және фосфориттерді өңдеу Науру аумағындағы өсімдік жабынының басым бөлігінде жойылуына себеп болды, бірақ қазіргі кезде оның 63 % аумағы бұрынғы қалпына келтірілді.

Аралда жаппай кокос пальмалары, панданустер, фикустер, дәмжапырақ және де басқа жапырақты өсімдіктер өседі. Сонымен қатар Бұталы формациялардың әр түрлі типтері де кең таралған. Өсімдіктер мен ағаштар жағалық аймақта және Буада көлінің айласында аса қалың өседі.[6] Науруның ішкі аймағында бөрітарақ, сонымен қатар шие, бадам және манго ағаштары өседі.

Аралдың ойпаң жерлері негізінде тырбақ өсімдіктерге бай, ал қыратты жерлерде ағашты өсімдіктер қалың өседі.

Наурудың жануарлар дүниесі кедей. Барлық сүтқоректілер адаммен кіргізілді: кіші егеуқұйрықтар, мысықтар, иттер және шошқалар, сонымен қатар тауықтар. Бауырымен жорғалаушылар кесірткелермен ұсынылған. Орнитофауна байырақ — барлығы 6 түр (балшықшылар, қарқылдақтар, дауылпаздар, фрегаттар, кептер). Науруда бір ғана сайрағыш құстың түрі мекендейді — Науру айқабағы, арал эндемигі. Аралда жәндіктер және басқа да омыртқасыздар көп. Арал айналасындағы суда түрлі акулалар, теңіз кірпілері, жұмсақденелілер, таңқы шаяндар және басқа улы теңіз жануарлары мекендейді.[8][12]

Наурудағы ауыл (1896)

2011 жылдың санағы бойынша, Науру Республикасының халық саны 10 084 адамды құрады, соның ішінде ерлер — 5105, ал әйелдер — 4979 адам[1] Халық тығыздығы — 473,43 адам км². Бұдан басқа, арал аумағында Австралияға заңсыз түрде кіруге тырысқан босқындар лагері бар. 2016 жылғы шілде айының соңына қарай лагерде 442 адам тұрған, соның ішінде 338 ер адам, 55 әйел адам және 49 бала; босқындардың басым бөлігі Ауғанстаннан, Ираннан және Ирактан.[13]

1968 жылы, тәуелсіздікті жариялаған кезде, халық саны 3 мың адамды құрады.

Денигомоду және Нибок округтеріндегі тұрғын ауданы

Наурудағы туу көрсеткіші 1000 тұрғынға 24,47, өлім — 1000 тұрғынға 6,65, халық санының табиғи өсуі — 1,781 %.[14] Нәресте өлімі көрсеткіші 2007 жылы 1000 жаңа туғандарға 9,6 өлім.

2007 жылы 15 жасқа жетпеген балалар үлесі 37,8 % (3813 адам) құрады, 15 жастан 60 жасқа дейінгі ересектер саны  — 59,3 % (5983 адам), 60 жастан жоғары — 2,9 % (287 адам).[1] Ерлердің орташа өмір сүру көрсеткіші 2011 жылы 65 жасты құрады, ал әйелдер — 75 жас.[1]

Аралдың ресми астанасы және қалалары жоқ. Президенттің резиденциясы Мененг округінде орналасқан, ал үкімет мекемелері және парламент — Ярен округінде. Арал тұрғындарының барлығы теңіз жағасының бойында немесе Буада көлінің айналасында тұрады.

Этникалық құрамы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Науру тұрғындарының шамамен 91 % (9031 адам) республиканың байырғы халқы  — наурулықтар болып табылады.[1] Науру тұрғындарының жалпы санынан Тынық мұхитындағы аралдардан шыққандар (негізінде фиджилықтар және тунгарулықтар) 4 % құрайды, еуропалықтар — 1,6 % (161 адам),[1] қытайлар — 1,5 % (151 адам). Тұрғындардың ішіндегі шет елдер азаматтарының үлесі жоғары.

Тілдің негізінде наурандықтарды микронезиялық халықтар тобына жатқызылады, бірақ бұл этностың қалыптасуына микронезиялықтар ғана емес, сонымен қатар полинезиялықтар және меланезиялықтар да қатысты.

Наурулықтар микронезия тілі — науру тілінде сөйлейді. 1968 жылға дейін Науру Республикасы Австралияның, Ұлыбританияның және Жаңа Зеландияның бірлескен меншігі болған, сондықтан ағылшын тілі, науру тілімен қатар, мемлекеттік болып табылады.

Науру жазуы латын алфавитінің негізінде құрылып, 17 әріптен тұрған. Кейін, басқа тілдердің елеулі ықпалынан, ең алдымен неміс, ток-писин және кирибати, алфавит 28 әріпке дейін кеңейді. Бұл микронезиялық тілінің зерттеуіне науру тілінде оқулық жазған католиктік миссионер Алоиз Кайзер зор үлес қосты, сонымен қатар американдық (Германияда дүниеге келген) протестанттық миссионері Филипп Делапорт (ағылш. Philip Delaporte).

Діни құрамы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Бүгінгі таңда Науруда негізінде христиандықтар тұрады. Наурулықтардың көбісі (60,5 % — 6098 адам) протестанттық шіркеулердің өкілдері болып табылады, соның ішінде 35,2 % (3552 адам) — Науру конгрегационалисттік шіркеуінің өкілдері. Бұл шіркеудің Мененг, Буада, Анабар және Нибок округтерінде өзінің кішкентай шіркеулері орналасқан, ал басты шіркеуі Айво округінде. Құдай Ассамблеясынан сенушілер — 12,8 % (1291 адам), Наурудың тәуелсіз шіркеуінен — 9,4 % (945 адам). Елде адвентисттер, баптисттер және Иегова куәгерлерінің шағын топтары бар.[1]

Науру тұрғындарының шамамен 32,5 % (3278 чел.) католиктік шіркеудің өкілдері болып табылады,[1] оның Ярен округінде өз шағын шіркеуі, сонымен қатар Ева округінде мектебі (Кайзер колледж) бар. Тұрғындардың шамамен 5 % буддизм және даосизм діндеріне мойынсұнады, 2 % — баһаи. Наурундақтардың шағын тобы дәстүрлі сенімдерді (Эиджебонг (Eijebong) әйел құдайна және Буитани (Buitani) аралдың рухына табыну) ұстанады.

Үкімет кейбір конфессиялардың қызметін шектейді, мысалы, Иса Мәсіхтің заманауи шіркеуі (мормондар) және Иегова куәгерлері (қолдаушылар негізінде Науру фосфат корпорациясында жұмыс істейтін шет елдердің азаматтары).[15] 1979 жылы Науруға Маршалл аралдарынан келген Иегова куәгерлерінің миссионері елге қайта жіберілді.

1995 жылы шектеулердің бөлігі алынып тасталды.

Мемлекеттік нышандар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Науру Республикасының мемлекеттік байрағы, елтаңбасы, әнұраны және конституциясы 1968 жылы қабылданды және бекітілді.

Мемлекеттік құрылымы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Наурудың саяси құрылымы

Науру — тәуелсіз республика.[16] 1968 жылдың 29 қаңтарында қабылданған конституциясы[17] (толықтырулар 1968 жылдың 17 мамырында енгізілді) бойынша Науру парламентаризмның Вестминстер жүйесіндегі республикалық басқару формасы бар мемлекет,[18] сонымен қатар президенттік басқару формасының кейбір ерекшеліктері де кездеседі.[19]

Заң шығарушы билік

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Заң шығарушы биліктің жоғары органы — 19 депутаттан тұратын бір палаталы парламент.[20] 2013 жылға дейін депутаттар саны 18 адам болған. Парламент мүшелерінің сайлау реті Науру Конституциясымен анықталады. Жалпыұлттық сайлау; депутат ретінде тек қана 20 жасқа жеткен Науру азаматы бола алады. Парламент депутаты қызметіне кірісер алдында ант беріледі. Парламент мүшелерінің өкілеттік мерзімі — 3 жыл. Ел президентімен кеңесуінен кейін парламенттің спикермен таратылуы жағдайында өкілеттік мерзімнің өтуіне дейін тоқтатылуы мүмкін.

Алғашқы отырыста парламент мүшелері парламент спикерін және оның орынбасарын таңайындайды, кейін өз құрамынан ел президентін сайлау процессіне кіріседі.

Атқарушы билік

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Тағы қараңыз: Науру президенттерінің тізімі
Наурудың алғашқы президенті (ортада)

Науруның мемлекет және үкімет басшысы — президент. 2013 жылдың 11 маусымынан бастап эксперимент ретінде ел парламенті президенттің және премьер-министрдің қызметін бөлу туралы шешім қабылдады.[21] Президенттің және премьер-министрдің сайлау реті Науру Конституциясымен белгіленген. Президент ретінде парламент мүшесі ғана сайлана алады. Президент парламент сайлауынан кейін парламент отырысында сайланады. Президент орнына үміткер жай көпшіліктің басым дауысын жинағаннан кейін сайланған болып саналады. Президенттің өкілеттік мерзімі — 3 жыл және бір адам бір уақытта ел президенті және парламент мүшесі ретінде бола алмайды. Президенттің өкілеттік мерзімінің өтуіне дейін өз еркімен орнынан түсуі жағдайында, денсаулықпен байланысты тұрақты жарамсыздық жағыдайнда өз міндеттерін атқармауы немесе қызметтен кетіру (импичмент) жағыдайында тоқтатылуы мүмкін. Президентті қызметтен кеттіру үшін парламент депутаттарының жартысынан кем емес дауыс беруі тиіс. Президент импичментінен кейін президент сайлауы басталады. Егер президенті қызметтен кеттіру шешіміне келген парламент мүшелері жеті күн ішінде жаңа президентті сайламаса, онда парламент автоматты түрде таратылады.

Сот билігі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Наурудың үкімет (сол жақта) және парламент (оң жақта) ғимараты

Наурудағы сот билігі толығымен тәуелсіз. Республикада ортақ құқық әрекет етуде — құқық көзі ретінде үлгілі сот ісі болып саналатын құқықтық жүйе. 1971 жылғы ортақ құқық және қабылданған заңдар Актісі (ағылш. Adopted Laws Act 1971) бойынша, науру дәстүрлері, тәжірибелері, және институттары Науруның құқықтық жүйесін құрайды.[19]

Наурудағы сот органдарының жүйесіне Жоғарғы сот, апелляциялық сот, аймақтық сот және отбасы істері бойынша соттар кіреді. Республикадағы жер комитетінің (ағылш. Nauru Lands Committee Ordinance) жарлығы бойынша, елде жер дауларын және Науруның Жоғары сотына апелляцияларды беруге құқығы бар жер комитеті қызмет атқарады.

Науру конституциясының 48 бабы бойынша жоғарғы судьядан және судьялар тобынан тұратын Жоғарғы сот негізделді. Жоғарғы судья, Жоғарғы соттың басқа да судьялары секілді Науру президентімен тағайындалады.

Көптеген мәселелерде жоғарғы сот инстанциясы ретінде Австралияның Жоғарғы соты болып табылады.[17]

Сыртқы саясаты және халықаралық қатынастар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Науру Республикасы 1968 жылы тәуелсізлідкті алғаннан кейін Ұлттар достастығына мүше болған кезіннен бастап арнайы жағдайға ие. 1999 жылдың мамырынан бастап 2006 жылдың қаңтарына дейін Науру бұл ұйымның толық құқықты мүшесі болған.[22] 1999 жылдың 14 қырқүйегінен бастап ол Біріккен Ұлттар Ұйымының 187-ші мүшесі болды. Сонымен қатар мемлекет Тынық мұхит аралдарының форумы, Азия даму банкі (1991 жылдың қыркүйгінен бастап 52-ші мүшесі[17]), Африка, Кариб бассейні және Тынық мұхит аймағының елдері және де басқа халықаралық ұйымдарының мүшесі болып табылады.

Науру Республикасы көптеген әлем мемлекеттерімен дипломатиялық қатынастарды сақтайды. Оның басты серіктестері Австралия, Ұлыбритания, Үндістан, Қытай Республикасы, Корея Республикасы, Жаңа Зеландия, АҚШ, Таиланд, Филиппиндер және Жапония болып табылады.

Наурудың әкімшілік бөлінісі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Наурудың әкімшілік бөлінуі

Науру Республикасының әкімшілік-аймақтық бөлінуі 14 ауданнан тұрады:

Округ Бұрынғы
атауы
Аумағы,
км²
Халқы,
адам (2005)
Тығыздық,
адам/км²
Ауылдар
саны
1 Айво Айуэ 1,00 1 092 1092,00 8
2 Анабар Анэбвор 1,43 502 351,05 15
3 Анетан Аньетань 1,00 516 516,00 12
4 Анибар Энибоди 3,14 160 50,96 17
5 Баити Байди 1,23 572 465,04 15
6 Боэ Бои 0,66 795 1204,55 4
7 Буада Арэнибок 2,66 716 269,17 14
8 Денигомоду Деникомоту 1,18 2 827 2395,76 17
9 Ева Эуа 1,17 318 271,79 12
10 Июв Июб 1,12 303 270,54 13
11 Мененг Менень 2,88 1 830 635,42 18
12 Нибок Эннибек 1,36 432 317,65 11
13 Уабо Уэбои 0,97 335 345,36 6
14 Ярен Мокуа 1,50 820 546,67 7
  Науру Наоуро 21,30 11 218 526,67 169

Қазіргі жайы және экономика

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Жалпы сипаттама

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Тасымалдағыштың көмегімен балкерге фосфориттерді тиеу

Жер қойнауы фосфориттерге бай болған Науру Республикасы 1970‑1980-ші жылдар аралығында жан басына шаққандағы 13 мың АҚШ долларды құраған[8] әлемдегі ең бай мемлекеттердің қатарында болған. 1986 жылы ЖҰӨ жан басына шаққандағы 20 мың АҚШ долларды құрады. Сол кезде арал экономикасы көбінесе жұмыс күшінің шеттен кіруінен тәуелді болды, негізінде, көршілес аралды мемлекеттерден — Кирибати және Тувалу.[8] Сол уақытта фосфориттер экспортының бағасы импорт бағасынан төрт есе асты, негізгі сырттық сауда серіктестері Австралия, Жаңа Зеландия, Жапония және Ұлыбритания болған[8]. Жақын арада валюттық түсімдердің жалғыз көзінің жабылуын болжаған үкімет, экспорттық түсімінің елеулі бөлігін шет елдердегі қозғалмайтын мүлікке және арнайы жинақтаушы қорларға салды.[8] Бірақ, пайдалы қазбалар қорларының түгелге жуығы таусылған кезде, мемлекет ел болашағын жеткіліксіз ойластырғаны туралы белгілі болды.[23]

Фосфориттерді өңдеу Науруның жер бедеріне және аралдың орталық аймағындағы үстірттің өсімдік жабынына жойқын әсер етті. 1989 жылға қарай елдің 75 % аумағында белсенді кен шығару жұмыстары жүргізілді және орманның 90 % жойылды (өсімдік жабындының 200 гектары ғана сақталды). Жердің рекультивация жұмыстары жүргізілген жоқ, сондықтан XX-шы ғасырдың соңына қарай құрғақ жердің 80 % «ай пейзажына» ұқсайтын тақыршаққа айналды.[24]

1989 жылы Науру Республикасы БҰҰ-ның халықаралық сотына Австралияның аралды басқарған кездегі әрекеттері туралы қуыным берді — әсіресе фосфориттерді игерудің нәтижесінде ауыр экологиялық зардаптары туралы. Австралия өтемақыны төлеуге міндетті болды. Кен орындарының таусылуы саяси тұрақсыздыққа себеп болды, 1989 жылдан 2003 жылға дейін елде үкімет 17 рет ауысты.

1990-шы жылдары Науру аралы офшорлық аймаққа айналды. Аралда бірнеше жүздеген банктер тіркелді. ФАТФ (Криминалды капиталдардың ізін жасыруға қарсы күрес бойынша үкіметаралық комиссия) қысуымен және АҚШ жағынан санкциялар салу қаупі пайда болғаннан кейін, 2001 жылы Науру Республикасы шектеуді, ал 2003 жылы — офшорлық банктердің әрекеттерін тыйым салуға және ақшаның ағылуына қарсы шараларды қолдануға мәжбүр болды.[25][26][27][28][29]

Науру Республикасы шетел азаматтарына паспорттарды сатуымен айналысқан («инвесторлар паспорттары»), бірақ соңғы жылдары осындай тәжірибеден бас тартты.[25][30]

2003 жылдың басында Науруда қатты саяси дағдарыс орын алды. Президент орнына бірден екі үміткер болды: Рене Харрис және Бернард Довийого. Қақтығыстар кезінде президенттік резиденция жанып кетті және телефон байланысы ажыратылды. Сыртқы дүниемен байланыс бірнеше апта ішінде тек қана портқа жерсеріктестік телефоны бар кеме кірген кезде ғана жүзеге асырылды.[31]

Соңғы жылдары елге келетін кірістің басым бөлігі австралиялық көмек болып табылады. Австралияға жетуді көздейтін босқындарға өз аумағында уақытша баспана беруді Австралия Науруға демеушілік етеді, бұл демеушілік елдің маңызды табыс көзі.

Ауыл шаруашылығы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Аралдың жағалаудағы белдеуде, негізінде, жергілікті нарыққа жеткізілетін банандар, ананастар, папайя, манго, астық ағашы, кокос пальмалары өсіріліп жатыр.

Алғашқы пошта маркалары Науруда 1916 жылы шығарылды.

Наурудағы жалғыз радиостансасы үкіметке ие және негізінде «Австралия радиосы» және Би-Би-Си бағдарламаларын хабар таратады. Сонымен қатар аралда үкіметтік «Nauru TV» телевидениесі бар.

Науруда тұрақты баспа БАҚ-тары жоқ. Кейде «Nauru Bulletin» (ағылшын және науру тілдерінде) және «The Visionary» («Наоэро Амо» оппозициялық партиясының меншігіндегі газета) газеттері шығарылады. Екі аптада бір рет «Central Star News» және «Nauru Chronicle» газеттері жарық көреді.[32]

Мельбурндағы Науру-Хауз (ортада). Бұрын бұл ғимарат Наурудың фосфаттық компаниясына ие болған, бірақ 2004 жылы қаржы борыштарын төлеу үшін сатылды

Аралдағы фосфориттерді өңдеуден кейін қоршаған ортаның ластануы кесірінен туризм шектелуде. Елден кететін барлық жолаушылардан әуежайда тікелей төленетін 25 Австралия доллары көлемінде әуежай алымы алынады. Алымдардан 12 жасқа жетпеген балалар, экипаж мүшелері, транзиттық жолаушылар және қолында Науру Республикасы Әділет министрлігінің арнайы жазбаша рұқсат хаты бар адамдар ғана босатылған.[33]

Ақша жүйесі және қаржы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

XXI ғасырдың басынша Науру үкіметі қаржы саласында көптеген мәселелерге тап болды, ең алдымен, фосфориттер экспортының төмендеуінен. Нәтижесінде, 2002 жылы мемлекет кейбір кредиторлардың алдында қарыздарын уақытылы төлей алмады. Үкімет Науру Банкінің ресурстарына сене отырып, банк арқасында бюджет тапшылығынның проблемаларын шешуді және роялтиді төлеуге тырысуда.

Наурудың ақша бірлігі Австралия доллары болып табылады. Аралдағы инфляции деңгейі айтарлықтай жоғары — 2001 жылы 4 % (негізгі себеп: әлемдік нарықтағы мұнай бағасының және оны тасымалдауға жұмсалатын шығындарының жоғарлауы) құрады[34]. 2000 жылы бюджет тапшылығы 10 млн австралиялық долл. құрады немесе елдің шамамен 18 % ЖІӨ.[34] Мемлекеттік борыш жоғарлады — 2000 жылы ол 280 млн австралиялық долл. құрады.[34]

Науруда сатудан салық алынбайды, бірақ бірқатар тауарларға салық өндіру ережелері мерзімді өзгеріп тұратын баж салықтары салынады. Темекі өнімдеріне және алкогольге салық салынбайды.[30]

Дүкендердің жұмыс кестесі: дүйсенбіден жұмаға дейін — сағат 09:00 - 17:00-ге дейін, сенбі күндері — сағат 09:00 - 13:00-ге дейін, бірақ көптеген жеке меншікті дүкендер өз кестелері бойынша жұмыс істейді.[35]

Науру аралының ерте мәдениеті туралы деректер өте аз: Батыстың қатты ықпалынан көптеген салт-дәстірлері жергілікті тұрғындарымен ұмытылды. Көне наурулықтарда жазуы болмағандықтан, елдің мәдени байлығын зерттеуді бастаған ғалымдар қиындықтарға тап болды.

Науру аралындағы отаршылдыққа дейінгі тұрғындарының әлеуметтік ұйымы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Наурулықтар (1890)

Наурулықтардың ерте мәдениеті аралды мекендеген 12 тайпаның мәдениетінде негізденді. Науруда ортақ көсем болған жоқ, және әр тайпаның тарихы бөлек. дәстүрл бойынша тайпалар руларға бөлініп, және рулардағы әрбір адам белгілі бір таптарға қатысты болған: темонибе (на. -{Temonibe}-), эмо (на. -{Emo}-), амененгаме (на. -{Amenengame}-) және энгаме (на. -{Engame}-). Екі ауқатсыз тап итсио (на. -{Itsio}-) және итиора (на. -{Itiora}-) деген атауларға ие болған. Адамның қай тапқа жататындығын анықтау үшін басты фактор — анасының шығу тегі болған. Артықшылықты жағдайға темонибе табының адамдары ие болған. Олар балық аулаумен айналысқан және теңіздегі жеке телімдерін иеленді.

Сол кезде қоныстардың басым бөлігі теңіз жағасында орналасқан, бірақ кейбіреулер Буада көлінің жаныңда тұрған. Арал тұрғындары екі-үш үйден тұратын шағын «қоныстарда» өмір сүрген. Олардың көбісі кейін ауылдарға біріккен. Науруда барлығы 14 облысқа біріккен 168 ауыл болған. Қазіргі кезде олар аралдың 14 облысын құрайтын әкімшілік округтері болып табылады.

Наурудағы әрбір отбасыға телім тиесілі болған, кейбіреулері — Буада көлінің жағасындағы балық тоғандарына ие болған.

«Линкбелт Овал» стадионында өткен австралиялық футболдан 1999 жылғы матч

Наурудағы ұлттық спорт түрі Австралия футболы болып табылады. Өзінің футболдан ұлттық құрама командасы бар, бірақ елдегі кәсіби спортшылардың және үлкен стадиондардың жоқ болғанына байланысты ФИФА-мен және Океанияның футбол конфедерациясымен танылған жоқ. Ойыншылар формасының түсі — көк түсті, көлденең сары жолағы бар. Ұлттық құраманың басқа ел командасымен алғашқы ойыны 1994 жылдың 2 қазанында өтті. Сол ойында науру командасы Соломон аралдарының құрамасын 2:1 есебімен жеңді. Науру құрамасы үшін бұл үлкен жеңіс болған, өйткені Соломон аралдары жеңіске жететін басты үміткер ретінде саналған (олар сол жылғыы Меланезия Кубогының жеңімпаздары). Аралда бірнеше спорттық алаңдар және стадиондар бар: «Линкбелт Овал» (Айво округінде орналасқан, бірақ ол едәуір ескерген және халықаралық стандарттарға сай емес), Мененг стадионы (2006 жылы құрылған және 3500 көрерменді сыйдыра алады) және Дениг стадионы.

Сонымен қатар ауыр атлетика, софтбол, баскетбол және теннис секілді спорт түрлері кең тараған. Ел үкіметі көбінесе ауыр атлетикаға назар аударады: дәл осы спорт түрінен Науру үлкен жетістіктерге қол жеткізді. 1990 жылғы Ынтымақтастық ойындары кезінде ауыр атлетші Маркус Стивеннің таңғаларлық жеңісінен кейін Науруда Науру ұлттық Олимпиада комитеті құрылды. 1992 жылы Маркус Барселонада өткен Олимпиада ойындарында алғашқы науру спортшысы болған. Ресми түрде Олимпиада қозғалысына Науру 1996 жылы қабылданды. Науруның алғашқы ресми атлеттері Маркус Стивен, Джерард Гарабван және Куинси Детенамо болған.

Науруның ең табысты теннисистері Дэвид Детудамо және Ангелита Детудамо болып табылады.

Дата Атауы Ағылшынша атауы
1 қаңтар Жаңа жыл New Year’s Day
31 қаңтар Тәуелсіздік күні Independence Day
өзгереді Жарқын жұма Good Friday
өзгереді Жарқын дүйсенбі Easter Monday
өзгереді Жарқын сейсенбі Easter Tuesday
17 мамыр Конституция күні Constitution Day
25 қыркүйек Жастар күні National Youth Day
26 қазан Ангам күні Angam Day
25 желтоқсан Рождество Christmas Day
26 желтоқсан Сыйлықтар күні Boxing Day

Әлеуметтік сала

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Денсаулық сақтау

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Халықты сумен қамтамасыз етудің жағыдайын жақсарту және тұрақты санитарлық-профилактикалық іс-шараларды өткізуді негізгі мақсат ретінде көздейтін денсаулық сақтау мәселелерін тиімді шешу бойынша мемлекеттік бағдарламаның нәтижесінде, соңғы жылдары аралда жұқпалы ауруларының таралуын болдырмауына қол жеткізді. Осыған қарамастан, жұқпалы емес аурулар, диабет, гипертония, жүрек-қан тамыр аурулары және қатерлі ісік, сонымен қатар респираторлық аурулар, адамдар өлімінің негізгі себебі болып тұр.[36] Науру халқы семіздіктен қатты азап шегіп жатыр.[37] БҰҰ мәліметтері бойынша, Науру семіздікпен ауыратын адамадар саны бойынша әлемде бірініші орында.[38]. 2003 жылы ересек адамдар арасындағы диабет тарауының көрсеткіші (30,2 %) әлемдегі ең жоғары деңгейде болған. Наурудағы семіздіктің негізгі себебін арзан мол калориялы азықпен, бірінші кезекте ет консервілерімен байланыстырады.[39]

Науру денсаулық сақтау саласындағы ең басты мәселе кадрлардың жетіспеушілігі болып табылады, сондықтан ел үкіметі осы салаға мүмкін болғанша көбірек мамандарды тартуға талпынып отыр. Аралдағы медициналық қызмет көрсетуі тегін. 1999 жылдың шілдесінде Науру жалпы ауруханасы (ағылш. Nauru General Hospital) және Ұлттық фосфат корпарациясының ауруханасы (ағылш. National Phosphate Corporation Hospital) бес дәрігер қызмет ететін Науру Республикасының ауруханасына (ағылш. Republic of Nauru Hospital) біріктірілді. Ауыр сырқаттармен ауыратын науқастарды емделуге негізінде Австралияға жібереді.

1995—1996 жылдары аралығында денсаулық сақтау саласына жұмсалған шығын 8,9 млн австралиялық долларды, немесе елдегі барлық бюджеттің 8,9 %-ын құрады[36]. Кәсіби дәрігерлердің басым бөлігі экспатрианттар болып табылады.[36]

Білім беру

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Наурудағы білім беру 6 жастан 15 жасқа (1—10 сыныптар) дейін міндетті болып табылады. Сонымен қатар білім беру системсына ерте жастағы балаларға арналған 2 саты: мектепке дейінгі (ағылш. Pre-school) және даярлық (ағылш. Preparatory School) сатылары кіреді.

Бастауыш білім беру 6 жастан 11 жасқа дейінгі балаларға оқудың алғашқы 6 жыл бойы беріледі. Окудың алғашқы екі жылы Ярен округінің (ағылш. Yaren Primary School) бастауыш мектебінде беріледі, үшінші және төртінші — Айво округінің бастауыш мектебінде (ағылш. Aiwo Primary School), ал бесінші жылдан бастап — Науру колледжінде (ағылш. Nauru College). Бастауыш мектепті бітіргеннен кейін экзамендер тапсырылып, бастауыш мектепті бітіргені туралы Сертификат (ағылш. Nauru Primary Certificate) беріледі.

Келесі саты — орта мектеп (7—10 сыныптар міндетті түрде және 11—12 сыныптар ерікті білім алу). 10 сыныптан кейін орта білім Сертификатын (ағылш. Nauru Junior Certificate) алу үшін экзамендер тапсырылады. Оқушы білім алуды жалғастырған жағыдайда 12 сыныптан кейін толық орта білім Сертификатына (ағылш. Pacific Senior School Certificate) ие болу үшін экзаменнен өтеді.

Жоғары білімді арал тұрғындары шекарадан тыс елдерде алады, негізінде Австралияда. Сонымен қатар Науруда Оңтүстік Тынық мұхит университетінің (ағылш. University of the South Pacific) бөлімшесі орналасқан, онда сырттай оқу курстары өткізіледі.

Наурудағы білім беру тегін.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. a b c d e f g h Перепись населения NATIONAL REPORT ON POPULATION AND HOUSING (census 2011)
  2. Население Науру 2016 | Численность населения Науру
  3. Беликов В. И. Происхождение и миграции полинезийцев (по лингвистическим данным). В сборнике статей: Пути развития Австралии и Океании: история, экономика, этнография. М.: Наука, 1981. С. 243—254.
  4. История Науру. 2000(қолжетпейтін сілтеме) (ағыл.)
  5. Сайт Департамента образования Науру. 2007 Мұрағатталған 28 қыркүйектің 2007 жылы. (ағыл.)
  6. a b c d e f g Постоянная миссия Республики Науру в ООН Мұрағатталған 27 шілденің 2013 жылы. (ағыл.)
  7. Исключительная экономическая зона Науру. 2006  (ағыл.)
  8. a b c d e f Науру. Энциклопедия Кругосвет
  9. Географическое положение Науру. 2007
  10. a b Республика Науру. National Assessment Report Мұрағатталған 11 қазанның 2007 жылы.  (ағыл.)
  11. Климат Науру. 2007  (ағыл.)
  12. Природа Науру. 2007
  13. Capodici, 2016
  14. Central Intelligence Agency Nauru. The World Factbook (2011). Тексерілді, 12 ақпан 2011.
  15. Религия на Науру. 2007
  16. Конституция Науру  (ағыл.) Часть I
  17. a b c Республика Науру  (ағыл.) Из Мировой энциклопедии политических систем, 3-е издание, Нью-Йорк
  18. Правительство Австралии. Департамент иностранных дел и торговли. Республика Науру: справка по стране — март 2007 года Мұрағатталған 6 қазанның 2014 жылы.  (ағыл.)
  19. a b Международный доклад по вопросам коррупции. Науру 2004 Мұрағатталған 17 қазанның 2011 жылы.  (ағыл.) С. 7
  20. Конституция Науру (ағыл.) Часть IV
  21. Барон Вака избран новым президентом Науру
  22. Сайт Содружества наций  (ағыл.)
  23. Науру. Островок любви к России Мұрағатталған 27 желтоқсанның 2010 жылы.. // Новая Газета, № 145 от 24 желтоқсан 2010 г.
  24. Южнотихоокеанская региональная программа по изучению окружающей среды. Воздействие фосфоритных разработок на экосистему тихоокеанских островов. — Новая Каледония, Нумеа: Южнотихоокеанская комиссия, 1989  (ағыл.)
  25. a b Науру закроет офшорные банки. 2003
  26. США планирует санкции против Науру. 2003 Мұрағатталған 26 қыркүйектің 2007 жылы.
  27. Науру ликвидирует офшорные банки. 2003 Мұрағатталған 11 мамырдың 2006 жылы.
  28. FATF принимает жёсткие меры к Науру. 2002 Мұрағатталған 26 қыркүйектің 2007 жылы.
  29. США вводят санкции против Украины и Науру. 2002 Мұрағатталған 26 қыркүйектің 2007 жылы.
  30. a b Деньги на Науру. 2007
  31. Политический кризис на Науру. 2003 Мұрағатталған 26 қыркүйектің 2007 жылы.
  32. World Association of Newspapers. 2004 Мұрағатталған 13 қазанның 2007 жылы.  (ағыл.)
  33. Формальности и правила въезда в Науру. 2004
  34. a b c ООН. Социально-экономические показатели Науру Мұрағатталған 12 желтоқсанның 2007 жылы. (ағыл.)
  35. Шоппинг в Науру. 2004
  36. a b c Науру. Доклад Всемирной организации здравоохранения (ағыл.)
  37. Mean age-standardized body mass index (BMI), kg/m2 Males aged 20 and over, 2008
  38. Каждый пятый украинец страдает ожирением — ООН. Украинская правда. — «Первое место в рейтинге заняло островное государство Науру – там этим недугом страдают более 70% жителей.»  Басты дереккөзінен мұрағатталған 31 шілде 2013. Тексерілді, 27 шілде 2013.
  39. Spam at heart of South Pacific obesity crisis — Telegraph
  翻译: